Атыраулық зейнеткерлер ғаламтор ғажайыптарын үйренуде. Қарияларға, заманауи технологияның қыр-сырын Назарбаев зияткерлік мектебінің шәкірттері оқытып жатыр. «Ұрпақтар сабақтастығы» деп аталатын жоба Волонтер жылы аясында жүзеге асуда. Курсқа қатысушылардың ең жасы 60-та. Ал үлкені 80-ді алқымдаған. Тегін курс аптасына бір рет екі сағаттан өтеді.
Әзірге бұл жерде 20-дан астам қария оқып жүр. Болашақта курсқа қатысушылардың санын көбейту көзделуде. Бүгінде зейнеткерлер, әлеуметтік желіде өз парақшасын ашып, оны пайдаланудың қыр-сырын меңгеріп жатыр. Алдағы сабақтарда ата-әжелер компьютердегі күрделі программалармен жұмыс істеуді үйренеді. Сондай-ақ зейнеткерлермен ғаламторда бейне блок түсіру де жоспарда бар. Жобаға мектеп ұжымы түгелдей дерлік атсалысуда.
Жандос ТЕМІРҒАЛИ