Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Ресей Федералдық жиналысы кеңесі арасындағы ынтымақтастық комиссиясының 10-шы отырысында көтерілген басты мәселенің бірі - Жайық өзенінің ахуалы. Екі елді кесіп өтетін су арнасының таяздануы өзенді жағалай қоныстанған елді мекендерде ауызсу тапшылығын туғызып, экологиялық апатқа әкелуі мүмкін. Ал, екі ел арасындағы сауда-саттыққа келсек, ол жыл басынан бері 48 пайызға өсіп, 3 млрд. 800 млн. долларға жеткен. Ресейден елімізге тауар тасымалының мөлшері азайып, керісінше Қазақстаннан тасымалдау көлемі артқан. Проблемалар да жоқ емес. Мысалы, Атыраудың Балқұдық ауылы мен Ресейдің Астрахань облысындағы Қарабайлы қаласы арасындағы шекаралық пункттен адамдар күніне тек 35 келі тауар алып өтуге құқылы. Жүріп-тұруға да шектеу қойылған.