«Киіктердің санын көбейтіп, оларды сақтау мақсатында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығымен Қазақстан Республикасының аумағында киіктерді 2023 жылға дейін атуға тыйым салынды», - деді комитеттің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет.
Оның хабарлауынша, ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Зоология институты киікті атуға 2023 жылға дейін тыйым салу туралы кеңес берген. Биологиялық негіздеме мемлекеттік экологиялық сараптамамен мақұлданған. Киікті атуға тыйым салу туралы бұйрық ресми түрде жарияланғаннан кейін 10 күннің ішінде (20 ақпанда) күшіне енеді.
«Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда 2015 жылы 150 мыңнан астам киік қырылған еді. Сол себепті 2015 жылдан бастап 2019 жылдың 31 желтоқсанға дейін киіктерді атуға тыйым салынған болатын. Енді киіктің санын көбейту үшін бұл мерзім 2023 жылға дейін ұзартылды», - дейді Сәкен Ділдахмет.