Павлодарда мектеп мұғалімі әріптестерінің атынан 1 млн теңгеден астам несие алған. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ол әріптестерінің жеке мәліметтеріне қол жеткізе отырып, онлайн 1 миллион 200 мың теңге несие рәсімдеген. Қазір оның 8 әріптесі полицияға арызданған.
Полиция өкілдері осыған ұқсас тағы бір оқиғаны баяндады. 23 жастағы павлодарлық жігіт Instagram желісі арқылы қыздармен танысып, Ресейде бизнеспен айналысып жүргенін және ақша керектігін айтқан. Түрлі жантүршігерлік оқиғаны ойлап тауып, өзінің банк картасы жоқ екенін жеткізеді. Осылайша қыздарды алдап, WhatsApp желісі арқылы олардың құжат көшірмесін алып, 150-250 мың теңге сомасында онлайн несиелер рәсімдейді. Содан кейін қаражатты басқа шотқа аударуды өтінеді. Алаяқ жігіттің құрығына бес қыз түсіп қалған.
Айта кетейік, жыл басталғалы Павлодар облысында 29 интернет-алаяқтық тіркелген. Аталған алаяқтық фактілер бойынша қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.