Каспий теңізіне кәріз суы құйылатын болды деп тұрғындар дабыл қағуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Каспий теңізіне кәріз суы құйылатын болды деп тұрғындар дабыл қағуда

05.02.2020

Маңғыстаудағы Құрық ауылында кәріз құбыры 10 жыл бойы тартылмай, жоба аяқсыз қалып келеді. Соның салдарынан сасық су сыртқа жайылып, қоршаған ортаны ластап жатыр. Ең сорақысы, кәріз суы қарға адым жердегі Каспий теңізіне құйылатын болды деп ауыл тұрғындары дабыл қағуда.  

Әкімдіктегілердің айтуынша, ауылда кәріз суын тазартатын нысан жоқ. 2010-жылы жасалған жоба қаржы жетпей сол күйі жүзеге аспай қалған. Ал ауыл ішілік кәріз құбырының құрылысы да 10 жылдан бері бітпей қойды. Мәселе осыдан туындап отыр. Бітпеген құбырға ауылдағы бірнеше көп қабатты үйдің кәріз құбырын қосып, лас суды далаға айдауға рұқсат берген.

Бірақ бұл мәселені түбегейлі шешпейді. Сондықтан кәріз суын тазартатын нысан ауылға ауадай қажет екенін айтады әкім орынбасары. Ал экологтар болса, бүлінген аумақты тексеріп, кінәлілерді жазаламақ.

Сондай-ақ экологтар лас су төгілген аумақты қайта қалпына келтіруді талап етпек. Ал кәріз суын тазартатын нысанды салу үшін жергілікті билік инвестор тапқан. Бірақ құрылыстың қашан басталары белгісіз.

Аягөз ОРАЛБАЙ


Хабарламаларға жазылу