Елімізде білім саласын заманға сай дамытуға кедергінің бірі — жылдамдығы жоқ шабан ғаламтор болып отыр. Бұл мәселе әсіресе шалғай елді мекендердің бас ауруына айналған. Мысалы Қостанай облысындағы Арқалық қаласының ұстаздары үшін электронды күнделік толтыру қиямет.
Арқалық қаласының аумағында 26 мектеп бар. Соның барлығына интернет желісі тартылған. Алайда аты болғанмен заты талапқа сай емес. Интернеттен қажетті ақпаратты қарап, жүктеу үшін сағаттап уақыт жоғалтып шашыңыз ағарады. Мысалы, кейде ұстаздардың жарты күні электронды күнделік толтыруға кетеді.
Ресми мәліметке сүйенсек, облыс бойынша орта білім ордаларының 91 проценті кең жолақты интернетке ие. Алдағы оқу жылына дейін бұл көрсеткішті 100 процент жеткізу жоспарланып отыр. Осы мақсатқа бюджеттен 160 миилион тенге бөлініпті.
Дәуренбек ӘБДІБЕК