Енді жемқорлық туралы хабар берген адам параның 10 пайызына дейінгі мөлшерде сыйақы ала алады. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев мәлімдеді.
«Үкімет Президенттің тапсырмасын іске асыру мақсатында сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша хабарламалар үшін азаматтарды көтермелеудің жаңа жүйесі туралы қаулыны бекітті. Енді ЭЫДҰ қатарындағы көптеген елдердегі секілді сараланған сыйақы болады», - деді А.Шпекбаев 2019 жылдың қорытындысына арналған агенттіктің алқа мәжілісінде.
Осы орайда агенттік төрағасы жемқорлық туралы хабарлаған адам соттың айыптау үкімінен кейін пара сомасының 10 пайызын алатынын жеткізді. Бірақ ол үшін сотта ұсталған адамның кінәсі дәлелденуі керек.
«Ең жоғары сыйақы мөлшері 10 млн 600 мың теңгені құрайтын болады. Бұл жаңашылдық азаматтарды жемқорлықпен нақты күреске барынша тартуға елеулі серпін береді деп есептейміз», - деді агенттік басшысы.