Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдағы коронавирусқа байланысты халықаралық төтенше жағдай жариялады.
Женевада өткен жиында ұйымның бас директоры Тедрос Адхан Гебрейесус осындай шешімге келгендерін мәлімдеді. «Коронавирустың өршуіне байланысты халықаралық төтенше жағдай жариялаймын», - деді ол.
Қауіпті вирустың әлемнің бірнеше елінде тіркелуі және Қытайда кеңінен белең алуы осындай шешімге келуге себеп болған. Алайда ұйым тауар мен адам тасымалына тыйым салмау керектігін айтады. ДДСҰ мәліметінше, індетті тоқтату үшін халықаралық қоғамдастықтар бірлесіп, ақылдаса отырып, мәселені шешуге ұмтылуы қажет, вируспен әлем болып күресу керек.
Айта кетейік, соңғы деректер бойынша, Қытайда 9692 адам коронавирус жұқтырған. Қайтыс болғандар саны - 213 адам. 171 адам ауруханадан емделіп шықты.
bbc.com