Шойын жолдың бойында адам өлімі жиіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шойын жолдың бойында адам өлімі жиіледі

30.01.2020

Қызылордада шойын жолдың бойында адам өлімі жиілеп кетті. Жыл басталғалы бері қаланың екі тұрғынын пойыз қағып, ажал құштырды. Оқыс оқиғаның екеуі де халық көп шоғырланған «КБИ» мен «Шұғыла» мөлтек ауданының тұсында болған. Осы аралықпен шаһарға жол салған жұрт бүгінде балалары үшін алаңдап, өткел салуын талап етуде.

Соңғы оқыс оқиға бірер күн бұрын ғана тіркелді. 26 жастағы азамат жүйіткіген пойызды аңғармай, қыршыннан қиылды. Жалпы бұл учаскі жаяу жүргіншілерге арналмаған. Рельстің үстімен жүріп өтуге тыйым салатын белгі де қойылған. Бірақ арғы беттегі жұрт қауіпті болса да, осы тұспен жүруге мәжбүр. Өйткені, жақын маңайда теміржолды қиып өтетін өткел жоқ.

Соңғы үш жылда облыс бойынша 23 адам пойыздың астында қалып, қаза тапқан. Қызылорда теміржол станциясы басшылығы болса, қала тұрғындары талап еткен қауіпті аумаққа көпір құрылысын жүргізу үшін жергілікті әкімдікке ұсыныс берген.

Нысанның қашан салынатынын салаға жауапты органдар да дөп басып айта алмай отыр. Демек өткелді жергілікті халыққа ұзақ күтуге тура келетіні анық.

Әділбек СЕРІКҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу