Ақтөбелік жігіт қалыңдығын шанамен алып кетуге мәжбүр болған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбелік жігіт қалыңдығын шанамен алып кетуге мәжбүр болған

30.01.2020

Адамнан айла асқан ба?! Ақтөбеліктер қыстың қаһарлы, боранды күндерінде де еңсесін түсірген емес. Алға қаласының тұрғыны Бектұрған Ідірісов қарда жүретін көлік құрастырып шықты. Бұл мұқтаждықтан пайда болған дүние. Мәселен, осы Алға ауданының тағы бір тұрғыны, жол болмағандықтан қалыңдығын қарда жүретін көлікке тіркелген шанамен алып кетуге мәжбүр болған еді.

Ватсап мессенджері арқылы тарап кеткен мына видео жуырда ғана Алға ауданының Есет батыр ауылында түсірілген. Кейін белгілі болғаны, Тамирлан есімді жігіт қалыңдығын алып кетуге келген. Алайда, бораннан жолдар жабылып қалған. Сондықтан ол амалсыз келіншегін 15 шақырым жердегі Алға қаласына дейін осылай жеткізуге мәжбүр болған. Бақытты жұптың тойы Ақтөбе қаласында ойдағыдай өтіпті.

Табиғаттың тосын мінезіне тосылып қалмай, қалың қарда жүрудің айласын тапқанның бірі де осы- Алға тұрғыны. Бектұрған Ідірісов бір апта ішінде ескі «Жигулиді» қарда жүретін көлікке айналдырып алды. Қазір соңғы тетіктері сынақтан өткізіліп жатыр.

Бектұрған Ідірісов көлігі ойдағыдай сынақтан өтсе, жаңа көлікті қайта құрастыруға да дайын. Тіпті, жолда қалғандарға да қол ұшын созуға әзір. Қазірдің өзінде одан көмек сұраған жоқ іздеушілер баршылық.

Жақсыбек КЕМАЛ


Хабарламаларға жазылу