Президенттің БАӘ ресми сапары жалғасуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президенттің БАӘ ресми сапары жалғасуда

28.01.2020

Қазақстан мен БАӘ өзара сенімге негізделген ынтымақтастық тереңдей түседі. Бүгін Дубайға барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, БАӘ вице-президенті, премьер-министрі, Дубайдың билеушісі Мұхаммед бен әл-Мактуммен кездесіп, өзара әріптестіктің жолдарын талқылады. Сондай-ақ, әмірліктердің экономикасын дамытуға зор ықпал етіп отырған бірқатар алып ұйымдардың басшыларымен кездесті. Нәтижесінде, Мемлекет басшысының әмірліктерге ресми сапары аясында бірқатар қомақты құжаттарға қол қойылды.

Сондай-ақ Қазақ басшысы шейх Сурур бен Мұхаммед Әл-Нахаянмен кездесті. Бұл кісі – екі елдің ынтымақтастығының бастауына сепеші болған. Қазақ жеріне ресми өкіл ретінде алғаш болып келіп, Қазақстанмен танысты, оның әлеуетіне қанықты. 

2020 жылы Халықаралық ЭКСПО көрмесі Дубайда өтеді. Оған қазіргі күні 192 мемлекет қатысатынын мәлімдеген. Соның бірі – біз. 3400 шаршы метр аумаққа салынып жатқан Қазақстан павильонының тақырыбы – ақылды біріктіріп, болашақты бірге құру. Құрылысқа 9 миллиардтай теңге бөлінген. Дайындық жұмыстарын бүгін Президенттің өзі барып пысықтады. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс кестесі тығыз болғанымен, сапары сәтті болды. Қазақстан мен БАӘ әртүрлі салада сауда-экономикалық қарым-қатынасты тереңдетіп, екі жаққа тиімді ілкімді инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға келісіп, қол алысты. Мұның барлығы – ел қамы үшін. 

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ 


Хабарламаларға жазылу