Екпені міндеттеу керек пе, жоқ па? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екпені міндеттеу керек пе, жоқ па?

25.01.2020

Екпені ем дейтіндер мен пайдасы кем дейтіндердің таласы тоқтаған емес бізде. Бір тарап екпесіз еселеп көбейетін сырқаттарды тізсе, екіншісі екпеден мүгедек боп қалған бөбектердің санын, суреттерін дәлел қылады. Қоғамды қақ жарған тақырыпқа төрелік айтуға ешкімнің дәті бара қойған жоқ әлі. Жауапты министрлік өкілдері ағайынның арызын естігенде аяқ тартады. Алдымен Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігіндегі мырзалар екпе егілмеген балаларды мектепке кіргізбеуді ұсынды. Қоғам қарап қалмады. Ұсынғандарды жерден алып жерге салып, сын садағымен түйреп түгін қалдырмады. Ал аталған министрліктің екпе алудан бас тартқандарға айыппұл салу туралы ұсынысының ұшпаққа шықпағанын мен айтпай-ақ білесіздер. Бекер обалы не керек, екпе керек деген ата-аналарда аз емес. Бірақ қарсы тараптың талабы таудай боп кетеді. Өйткені вакцина алған балалардың мүгедек болғаны туралы айтылғанда, аналар жылап келгенде ешкім қарсы сөз айта алмай көзімен жер шұқып қалады. Ұсыныстар айтылды, арада уақыт өтті, ел құлағы тынышталды ау дегенде денсаулыққа жауапты министрлік тағы бір тартысты бастады. Екпені міндеттеу туралы. Бұған депутаттар қарсы шықты, соңғы жылдары жұрттан жиі сын естіп жүрген Бекболат Тілеуханның мына сөзі желіде тарады, миллиондаған адам қарады.

Көптің пікірі осыған саяды. Ел екпеге қарсы емес, бірақ міндеттеуге қарсы. Әсіресе енді дүние есігін ашқан сәбиді ине салып шырылдатқанда талайдың шыбын жаны шырқырап сала бергені рас. Десе де, екпенің нәтижесінде жерден жойылған алғашқы дерт шешек екенін ескерсек, оның соңғы ошағы 1977 жылы Сомалиде талқан болғанын білсек екпенің ауруды жеңетінін ескеруге міндеттеміз. Өзімізді айттық, өзгелер қайтеді. Италия 2019 жылдың 14 наурызында міндетті вакцинация туралы туралы заңды қабылдады. Бас тартқандардың ата-аналарына 3,5 мың еуро айыппұл салады. Австралияда екпе міндетті емес, бірақ егілмеген баланың ата-анасын әлеуметтік көмектен айырады. Америкада екпе алмаған баланы мектеп пен балабақшаға қабылдамайды. Бірақ кей штаттарда медициналық, діни және философиялық себептерге байланысты вакцинадан бас тартуға болады делінген. Елімізде екпеден бас тартқандар айтатын басты уәж: вакцинадан кейін баланың денсаулығы нашарласа жауапкершілікті ешкім мойнына алмайды. Дәрігерлер ат тонын ала қашады, тонна-тонна себеп тауып береді" дейді. Бұл да бұқараның сеніміне селкеу түсіреді, оны мойындау керек. Ал Америкада 1988 жылдан бері вакциналық сот бар екен. Ол жерде екпеден зардап шеккен балалар мен ата-аналарының құқығы қорғалады. Демек бір нәрсеге адамды міндеттемес бұрын, салдарына кімнің жауапты болатынын да міндеттеп көрсеткен дұрыс.

Еркін СЪЕЗҰЛЫ 


Хабарламаларға жазылу