Ұлттық банк инфляция мен валюта бағамының қорытындысын шығарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық банк инфляция мен валюта бағамының қорытындысын шығарды

24.01.2020
Ұлттық банк инфляция мен валюта бағамының қорытындысын шығарды

Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев инфляция мен валюта бағамына қатысты былтырғы жылғы қорытындыны жариялады. 

«2019 жылдың қорытындысы бойынша, инфляция 5,4% болды, бұл 4-6% нысаналы дәлізге сәйкес келеді. Көбінесе нан-тоқаш өнімдері мен жарманың бағасының 16,1%, сондай-ақ ет және ет өнімдерінің 13,2% өсуі есебінен 9,6%-ке қымбаттаған азық-түлік тауарлары инфляцияға ең көп үлес қосты. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтер бағасының өсуі қалыпты болды», - деді Е.Досаев. 

Оның сөзіне қарағанда, ақша-кредит саясатының негізгі құралы ретінде базалық ставка тұтынушылық және инвестициялық сұраныстың кеңеюіне байланысты проинфляциялық факторлар ықпалының сақталуы аясында +/- 1 проценттік тармақ дәлізімен 9,25% деңгейінде сақталды. 

«2019 жылы қоғам тарапынан жүргізіліп отырған валюталық саясатқа және ұлттық валютаның бағамына жоғары назар аударылды. Бұл ретте, өткен жыл ішінде бір АҚШ доллары үшін теңге бағамы 373-390 теңге шегіндегі 4,5 пайыздық аралықта болды. 2019 жылы теңге жылдың соңына қарай бір АҚШ доллары үшін 382,6 теңгеге дейін 0,4 пайызға нығайды, ал 2018 жылы ол 15,6 пайыға әлсіреді», - деді Ұлттық банк басшысы.

Хабарламаларға жазылу