Алматыда қысқы туризм кенжелеп қалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда қысқы туризм кенжелеп қалған

23.01.2020

Алматы облысында қысқы туризм кенже қалып келеді. Алатау бөктерінде шаңғы теуіп, шанамен сырғанап қана қоймай, Жетісудың өзен көлдерінде де балық аулап сейіл құруға болады. Бірақ дәл осы бағытта демалушыларға жағдай жасалмаған. Ал әуесқой балықшылар саны жыл сайын артуда. Сол себепті көлге қармақ салып тынығатындар Алакөлде жаз бойы жұмыс істейтін демалыс орындары қыста да қызмет көрсетсе дейді. Көл жағалай қармақ салушылардың көбейгенін құтқарушылар да растап отыр. Бұл жерде адам аяғы үзілмейді. Сондықтан күнделікті қармақшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді күшейтуге ден қоя бастады.

Бір ғана Ақши ауылында 250-ге жуық демалыс орны бар. Олар тек 3 ай қызмет көрсетеді. Жергілікті билік жазғы туризмді дамытуға қыруар қаржы бөліп инфрақұрылымын жақсартып келеді. Ал қысқы туризмді дамыту жергілікті кәсіпкерлер мен инвесторлар еншісінде дегенді алға тартып отыр.

Айдынды Алакөлден бөлек Жетісу жерінде қыста қармақ салып, балық аулайтын жерлер жеткілікті. Тек қызмет сапасын жақсартып, қолайлы жағдай туғызу - шарт.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу