Нұр-Сұлтандағы ызғарлы боран коммуналдық қызметті әбден әуреге салды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұр-Сұлтандағы ызғарлы боран коммуналдық қызметті әбден әуреге салды

23.01.2020

Бүгін елорда жұрты таңсәріден ұйытқыған боранмен алысып әлек. Табиғаттың тосын мінезі бас қаланың тіршілігін тұтас тұралатып тастады. Мектептер мен колледждерде сабақ доғарылып, жұмыс күні қысқартылды. Қазіргі сәтте қала көшелерінде мыңнан астам техника мен екі мыңға тарта жұмысшы қар тазалауда. Ызғарлы боран түске жақын бір тыншып, түс ауа қайта соқты.

Дегенмен, ат құлағы көрінбейтін боран біздің журналистердің материал жасауына кедергі келтірмеді. 

Жаяу бұрқасынмен басталған боран түнімен ысқыра соғып, бүгін таңертең кәдімгідей күшіне мінді. Қарапайым халықты, қаланың тіршілігіне жауапты әкімшілікті әбден әбігерге салды. Тіпті кейбір тұста, төтенше жағдай жариялау керек деген ұсыныстар да шықты.

Боран басылғанда, түс ауа елорда әкімі Алтай Көлгінов қарамағындағы барлық қызметтің басын қосып, соншалықты алаңдауға негіз жоқ деп мәлімдеді. Бірақ, боранға қарсы күресу мүмкін емес екенін айтты.

Көшелердегі қалың қар автобустардың жүрісін қиындатты. Келеңсіздіктердің барлығы әлеуметтік желіде желден де жылдам тарады. Сол жағалаудағы әкімшілік алаңның жөні басқа. Жұмысшылардың, техниканың дені осында жүр. Шетқары аудандарда ахуал басқаша. Әркім өз бетінше әрекет етуге кіріскен. Қариялардың өзі қолына күрегін алып, ауласын тазалап әлек. Көлігі бұзылып жолда қалған жүргізушілер, бір-біріне көмек көрсетуде. Ашық аялдамаларда бүрсең қаққан халық, қоғамдық көлікті ынтыға күтіп жүргенін байқадық.

Қала әкімінің айтуынша, боранға байланысты қар тазалайтын техникада тапшылық бар. Сондықтан, қосымша жекеменшік компаниялардың қызметіне жүгіну жоспарланған. Шығыны жан-жақты есептеліп, жақын арада іске кіріспек. Мұндай күні көшеде жүру қауіпті екенін ескертеді төтенше жағдай мамандары. Бағандардан, ағаштардан, электр сымдарынан, құрылыс алаңдарынан алыс жүруге кеңес береді.

Ербол МӘНДІБЕК


Хабарламаларға жазылу