Балқаш әуе айлағына 52 жылда алғаш рет күрделі жөндеу жүргізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балқаш әуе айлағына 52 жылда алғаш рет күрделі жөндеу жүргізілді

22.01.2020

Қарағанды облысындағы Балқаш әуе айлағында жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Бүгін алғашқы әуе кемесін де қабылдады. Әскери аэродромның әлеуеті қаншалықты артты? Не өзгерді?

Жаңаша түрленген әскери аэродромға алғаш болып Қорғаныс министрінің өзі қонуға шешім қабылдаған. Бұл жолы ол әдеттегідей бизнес класпен емес, әскери ұшақпен келді.

Қорғаныс министрі айлақты аралап шығып, жеке құрамның қатысуымен ресми ашылу салтанатын өткізді. 1967 жылы салынған әуе айлағы 52 жылда алғаш рет күрделі жөндеуден өтті. Тек жолдары ғана жаңарып қоймай, жолақтардың ұшақ қабылдау мүмкіндіктері еселеп артты.

Нысан әуе қарулы күштерінің қауқарын арттыруға септігін тигізеді деп отыр әскерилер. Бастысы, болашақ ұшқыштарды күндіз-түні, қолайсыз метеожағдайда ұшып қонуды үйретуге үлкен мүмкіндік береді. Ақтөбе әскери институтының курсанттары 3 және 4 курста осы жерде тәжірибеден өтеді.

Туристік аймақта орналасқан әуе айлағын азаматтық әуежай ретінде пайдаланғысы келіп отырғандар да бар. Себебі жолаушылар ағыны көп, ұшу жолағының кеңдігі бұған мүмкіндік береді.

Нысан орналасқан жеріне сай азаматтық әуе кемелері үшін қосалқы немесе резервтік әуе айлағы ретінде пайдаланылуы мүмкін.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу