Боралдай ауылына тартылып жатқан ауыз су жүйесінің құрылысы аяқсыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Боралдай ауылына тартылып жатқан ауыз су жүйесінің құрылысы аяқсыз қалды

21.01.2020

Түркістан облысы Ордабасы ауданына қарасты Боралдай ауылына тартыла бастаған ауыз су жүйесінің құрылысы аяқсыз қалды. Осыдан екі жыл бұрын басталған жұмыс аудан әкімдігінің «немкетті» әрекеті мен мердігердің сылбыр тірлігінен әлі күнге бітетін емес. Ең сорақысы, осылайша уақыт созып жүргенде қазынаның 50 миллион теңгегесіне тартылған су жүйесінің кейбір тұсы әлден бүлініп, бұйымы ұралана бастаған.

Мұндай құдықтың өзі ауылдағы 100 шақты үйдің бірен-саранында ғана бар. Көршісінің көңілі түссе іргеден тасып ішеді, болмаса шелігін ұстап өзенге түседі.

2018 жылдың шілдесінде осы тірлікті қолға алған «Экспресс строй» серіктестігінің аты жүрдек болғанмен, қимылы шабан болып шықты. Біресе жұмыс істейтін адам таппады, одан қалса, құрылысқа қажетті затты іздеп жүріп алды. Құрылысты мерзімінен кешіктіргені үшін 1 миллион теңге айыппұл төледі. Сотқа тартылды. Бәрібір ісі өнетін емес.

Суға мейірі қанбаған боралдайлықтар жарыққа да жарымай-ақ қойды. Жанғанынан сөнгені көп. Электр қуаты берілгеннің өзінде жарығы тым әлсіз. Майшамнан айырмасы жоқ сығырайған сәулемен тіршілік етеді.

Бұл мәселеге қатысты жергілікті билік мардымды жауап айта алмады. Ұққанымыз, желілерді жаңарту үшін жобалау-сметалық құжаттама жасату үшін құзырлы орындарға енді ұсыныс бермек.

Ғани ҚАЛМАХАН


Хабарламаларға жазылу