Бельгияда «Полиция қызметкерімен кофе ішуге келіңіз» шарасы қолға алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгияда «Полиция қызметкерімен кофе ішуге келіңіз» шарасы қолға алынды

20.01.2020

«Полиция қызметкерімен кофе ішуге келіңіз». Бельгия ішкі істер министрлігі биылдан бастап осындай шараны қолға алды. Мақсат — тұрғындардың полицияға деген сенімін арттырып, қызметкерлерінің беделін көтеру. Ол үшін қос тарап дәмханада кофе ішіп отырып, емін-еркін пікір алмасады.

Бельгияда 44 мың тәртіп сақшысы бар. Ел астанасы Брюссельдегі 19 аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 6 арнайы полиция аймағы құрылған. Соның бірі — мына Еуропалық Одақтың штаб пәтері орналасқан Еуроинституттардың жанында. Алғашқылардың бірі болып тұрғындарды тегін кофе ішуге шақырған осы орталық полицейлері.

Полицейлер тұрғындардың мұқ-мұқтажын мұқият тыңдады. Дөрекілік танытқандарға қалай жауап беру керектігін түсіндіріп, психологиялық кеңестерін аямады. Тұрғындардың көңілін тапқан тәртіп сақшыларына жұрт жеке өмірі жайлы да біраз құпияны ашты.

Халық 3 сағатқа созылған кездесуден кетуге асықпады. Тәртіп сақшыларымен жиі сыр ақтарғысы келетін тұрғындардың талабын ескеріп, басшылық «кафеде кофе ішу» шарасын айына бірнеше рет ұйымдастыруды көздеп отыр. Қоғамды ізгілендіруге бағытталған бастама енді елдің барлық аймақтарында жалғасады.

Нұрсұлу ҚАСЫМ


Хабарламаларға жазылу