Ресей ғалымдары жылқының етін жасанды жолмен шығармақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей ғалымдары жылқының етін жасанды жолмен шығармақ

20.01.2020

Біз мал етін сыртқа шығаруға шектеу қойып жатқанда, Ресей ғалымдары жылқының етін жасанды жолмен өсіруді қолға алды. Мамандар құлынның бағаналық жасушасынан алынған биоматериалды арнайы инкубаторда ұстайды. Жылқы еті үш жыл ішінде өсіп шығады. Қазір әлемде ет өсіру технологиясын дамытып жатқан 30-ға жуық жоба бар. Соның бірі Қазан қаласында.

Әлем зертханаларында жасанды ет жасау тәжірибесін зерттеген жас ғалым Асқар Латышев білген-түйгенін енді өз елінде пайдаға асырмақ.  Ол жасанды жылқы еті мен кәдімгі жылқы етінің дәмінде айырмашылық болмайтындығын айтады. Ғалымның айтуынша, оған жануардың жасушасы пайдаланылады және ол вирустар мен бактериялардан қорғалған, зарарсыздандырылған ортада өсіріледі.

Жасанды етті өсіретін кезде фермада жиі қолданылатын антибиотик қажет емес. Тек инкубаторда тазалық сақталса жеткілікті.

Әлемде 2014 жылы өсірілген жасушаның килограмы 1 миллион доллар болса, қазір оның бағасы 1,5 мың долларға дейін түскен. Татарстанда шығарылатын еттің қымбат болары әлден мәлім. Өйткені бүгінде 17 түрлі ауруға шипа саналатын жылқы етін дамыған Еуропа елдері мойындап, тіпті дәріханаларда арнайы сата бастады. Бірақ жасанды жылқы етінің құрамы дәруменге бай бола ма, жоқ па, әзірге белгісіз.

Индира БЕГАЙДАР


Хабарламаларға жазылу