Ақтөбеде құны 33 миллиард теңгенің жобасы басталмай жатып тоқтап қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде құны 33 миллиард теңгенің жобасы басталмай жатып тоқтап қалды

20.01.2020

Ақтөбеде құны 33 миллиард теңге болатын жоба басталмай жатып тоқтап қалды. Облыс орталығынан тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу кешенін салуға келіскен шетелдік инвесторлар аяқ астынан бас тартқан. Облыс әкімдігінің өкілдері қазір мәселені шешудің өзге жолдарын қарастырып жатыр.

Үш жыл бұрын ғана ашылған бұл кешен полигонға әкелінетін қоқыстың төрттен бірін ғана сұрыптауға қауқарлы. Пластик, қағаз қалдықтарын бөліп шығарады. Ал қалғаны тау боп үйіліп жатыр. Бұл шаһардың экологиялық ахуалына да кері әсерін тигізіп келеді. Сондықтан ірі өңдеу кешенін салу мәселесі соңғы жылдары жиі айтылуда.

2018 жылдың соңында облыс әкімдігі мен «Creative Energy» компаниясы арасында меморандумға қол қойылған. Келісімге сәйкес, шет елден мамандар тартылып, Ақтөбеде ірі қоқыс өңдеу зауыты салынуы тиіс еді. Алайда, инвестор айнып қалған. Олар қажетті қаржының 60 пайызын ғана құюға келіскен.

Әкімдік өкілдері қазір мәселені шешу үшін қосымша келіссөз жүргізіп жатқандығын айтады. Жоғарыда аталған компаниямен ортақ келісім болмаса, жергілікті билік басқа инвестор іздемек. Соңғы мәліметтер бойынша, елімізде тұрмыстық қатты қалдықтардың тек 15 пайызға жуығы ғана қайта өңделеді.

Жақсыбек КЕМАЛ


Хабарламаларға жазылу