Волонтер деген кім? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Волонтер деген кім?

18.01.2020

Биыл Қазақстанда волонтерлар жылы. Ендеше волонтер деген кім? Оларға 2020 жылы қандай жәрдем жасалады?

Волонтер дегенді ықылым заманда тегіннен тегін, айтқанға көнетін, айдауға жүретін адамдар деп ұққан. Содан ғой, қарт құрлықта қырқысқан мемлекеттер сарбаздарға төлейтін тиындары таусылғанда еріктілерді іздеген. Оларға соғыстан соң түсетін олжаны бөліп береміз деп уәде еткен. Бұл әділетті жол емес, сондықтан оны волонтерлықтың бастауы деп жүргендер жаңылысты деуге толық негіз бар. Қоғамға мен қажетпін, маған қоғам қажет деп әрекетіне ақша сұрамай қарекет қылатындардың бастауында Жан Анри Дюнан тұр. Ол 1859 жылы науқастарға тегін көмектесуге дайын жандарды жинап ұйым құрған. Мұқтаждарға жәрдем жасаған, демек волонтерлықтың іргетасы осы кезде құйылды деуге құқығымыз бар. Қазаққа волонтерлық деген түсінік көпке дейін түсініксіз болғанмен қарекеті ұқсайтын әрекет әуелден бар. Ол Асар. Ағайын-туыстың, ауылдастың жалғыз қолы жетпейтін жұмыс болса жабылып келіп тындырып тастайды. Ол үшін ешкім ақы сұрап, еңбегін даулап жатпайды. Үй салу, қор салу, арық қазу... бәрі кіреді ішіне. Кей өңірлерде асарлату дегенді «үме» деп те атайды. Әуелде шөп шабу науқаны кезінде көмекке келген қыз-бозбаламен бірге әнші-жыршыларда жиналатын болған. Содан «Үмеге келген үндемей қалмайды» деген мақал туған. Міне қарт құрлық Жан Анри Дюнан бастады дейтін волонтерлықтың тамыры ат сүрініп болғанша ақыл тапқан Алаштың алып атырабында екенін ескеру керек. Хош, бұрынғыны былай қойып бүгінгімен сөйлейік. Қазақстанда биыл Волонтерлар жылы. Десе де, мұның алғашқы қадамы 1993 жылы жасалды, БҰҰ-ң еріктілер туралы бағдарламасы қабылданғаннан кейін. Қазір әрбір 8-ші қазақстандық волонтер деген ақпарат бар. Жұртқа жәрдем жасау, көпке көмектесу жас таңдамайды. Волонтерлық тек жастардың жұмысы дегендер қатты қателеседі. Оның дәлелі Мария Коттер. 103 жасар әже Американың Калифорния штатындағы қарттар үйінде волонтер ретінде қызмет етеді. Соңғы 25 жыл бойы ас үйге көмектесіп, тағдыры тас маңдайын қарттар үйіне тіреген ата-әжелерге жәрдем жасайды. Мария Коттерді әлемдегі ең егде волонтер дейді білетіндер. Жақыныңа жәрдесуді, жатқа болысуды Әйтеке бидің тілімен айтсақ былай: «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін, Батыр болсаң, жауға найзаң тисін. Бай болып елге пайдаң тимесе, Батыр болып жауға найзаң тимесе, Елден бөтен үйің күйсін!..». Қазақы қағидада осылай. Адам боп тұрып мұқтаж жанға көмек қолын созбасаң сыннан сытылып кете алмайсың, дегеніңе жете алмайсың. Волонтерлар туралы айтар ақпарат аста-төк, мысал мың, пікір пішен.  

Назым ҚАЙРАТ 


Хабарламаларға жазылу