Ауа райының қолайсыздығынан жабылған жолдар саны 34-ке жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауа райының қолайсыздығынан жабылған жолдар саны 34-ке жетті

17.01.2020

Ауа райының қолайсыздығынан жабылған жолдар саны 34-ке жетті. Қарлы бұрқасын әсіресе, Ақмола, Павлодар, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарында күшейе түскен. Үш облысты қамтитын ең ірі тас жолы - Екатеринбург-Алматы бағытына да тосқауыл қойылды. Боранның кесірінен автокөліктер ғана емес, әуе рейстері де кешігіп келіп жатыр. Мұндай күн райы қанша күнге жалғасады. 

Қатты дауылдың салдарынан Солтүстік Қазақстандағы 12, Ақмолада 9, Қарағанды облысына қарасты 10 бағыттың жолдары жабылды. Ал Павлодар облысы аумақтарында қарлы бұрқасын үдей түскендіктен барлық бағытқа шектеу қойылды. Қазіргі уақытта Республика көлемінде 756 арнайы техника жолдарды қардан тазартып жатыр. 

Ауа райының қолайсыздығына байланысты Нұр-Сұлтан қаласына келіп-кететін 34 әуе рейсі кешігіп жатыр. Оның 7-еуі халықаралық болса, 27-сі ішкі бағыттағы рейстер. Қатты жел соқса ұшақ қанаттары арнайы сұйықтықтармен өңделмейді. Бұл кешігудің басты себебі болып отыр. 

Қазгидромет мамандарының айтуынша, күннің күрт бұзылу себебі - Атлант аймақтарынан жылы ылғалды циклондар келіп жатыр. Дегенмен осы айда қатты аяз болмайды. Тек бірнеше рет желдің екпіні күшейіп, солтүстік аймақтарда қарлы боран, оңтүстік өңірлерде көк тайғақ болуы мүмкін.   

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу