Сегіз жыл сүйек жинаған шебер. Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданында кәрі жіліктен қолөнер бұйымдарын жасайтын ісмер тұрады. Өнер иесінің әр туындысы ерекше, мәнді, ғибарты мол. Авторлық құқығы бар.
Алдымен, сүйекті бір ай бойына үш түрлі сұйықтықта ұстайды. Сабынды су, спирт пен сутегі тотығы, бензині бар қоспа. Бір айдан соң сүйек тазарып, майы кетіп, сәні кіріп, әппақ күйге енеді. Содан соң оны жонып, қырнап, кедір-бұдырын алады. Шебер, әсіресе, кәрі жілікпен жұмыс істегенді ұнатады. «Шаңырақты ұры-қары, пәле-жаладан сақтайды» деген қасиетіне сенеді.
Бастапқыда 40-қа жеткізеді. Кейін жолдасы «ердің жасына» толарда, 50 жинайды. Қайынатасы 80-ге толғанда, сүйек саны да сонша болады. Сөйтіп 100-ден асқанда шебер қолынан мынадай тамаша туындылар шықты. «Қобдиша», «Алтын қасық», «Байлық кесесі», «Өмір терегі». Әр туындының мән-маңызы, жасалу тарихы бар.
Бұдан басқа ісмер матадан, моншақтан, тастан көздің жауын алатын бұйымдар жасайды. Қаладан 150 шақырым жердегі Шежін ауылында тұратын шебер жоғын тапсырыспен алдыртады.
Сүйекті көргенде шебердің қиялы шарықтап, тұтас бейнелер көз алдына келеді. Болашақ туынды елестейді. Мәселен, мына жамбас сүйектен билеп тұрған қызды көреді. Ермегін ерекше өнерге айналдырған қарапайым жанның мүгедектігі бар деп еш айта алмайсыз. Сирек өнердің иесі бірегей туындыларын енді республикалық көрмелерге қойып, дүйім жұрттың назарына ұсынғысы келеді.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ
