Алматыда оқушылар арасында республикалық «Абайтану» олимпиадасы өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда оқушылар арасында республикалық «Абайтану» олимпиадасы өтеді

16.01.2020

Алматыда оқушылар арасында республикалық «Абайтану» олимпиадасы өтеді. Бұл игі бастаманы Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты мен салалық министрлік ұлы ақынның 175 жылдығына орай қолға алған. Алдағы уақытта аталған білім шаңырағының ұжымы мұнымен шектеліп қалмай, ақын тойын кең көлемде атап өтуді жоспарлап отыр.

Екінші рет өткелі отырған білім бәйгесіне еліміздің барлық аймағынан 125 оқушы қатысады. Қазір мамандар дайындық жұмыстарын бастап кетті. Ал Абай атындағы мектеп бұған дейін оқушылар арасында республикалық шешендік өнер байқауын да өткізіп үлгерген. 

 Атаулы датаға орай өнерпаздар да назардан тыс қалмады. Республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді. Осы байқауда үздік атанып, жүлделі орынға ие болғандардың бірі – Алтынай Қанапия осы мектепте 11-ші сыныпта оқиды. Ол болашақта елге белгілі айтыскер ақын атанып, Абай мұрасын тереңірек зерттеп, өнерім арқылы халыққа барынша насихаттауды көздеймін, дейді.

«Абайды барлық қазақ білуі керек. Сондықтан оның еңбектері жан-жақты насихатталуы тиіс». Осылай деген мұғалімдер апта сайын «Абай үні» журналын да жарыққа шығарып отыр. Сонымен қатар мектепте былтырдан бері Абайтану орталығы жұмыс істеп келеді. Мұнда білімгерлер түрлі дәрістерге қатысып, ақынның өмірі және шығармашылымен жақын танысуға мүмкіндік алады.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ



Хабарламаларға жазылу