Түркістан облысында атаулы әлеуметтік көмек беру үшін 25 миллиард теңге бөлінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында атаулы әлеуметтік көмек беру үшін 25 миллиард теңге бөлінді

15.01.2020

Түркістан облысында көпбалалы және табысы аз отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек беру үшін биыл 25 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп отыр. Елімізде жаңадан қабылданған заңға сәйкес мұндай жанұяларға материалдық көмек көрсете отырып, оларды еңбекке ынталандыру көзделген. Қамқорлықтан балалар да шет қалған жоқ. Көпбалалы отбасының мектеп жасындағы балалары қоғамдық көлікте тегін жүреді. Бір мезгіл тегін ыстық тамақ ішеді. Сондай-ақ 7 жасқа толмаған балалар үшін әлеуметтік заттар үлестіріледі. Бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі аймақ жұртшылығымен кездесіп, жаңа жүйенің артықшылықтарын түсіндіріп берді.

Жадыра 5 баланың анасы. Отбасының жалғыз асыраушысы өзі. Күйеуінің денсаулығы жұмысқа жарамайтындықтан үйде балаларға қарап отыр. Көпбалалы ана жекеменшік моншада жалданып жұмыс істейді. Алайда жұмыс беруші келіншекпен еңбек келісім шартын түзуді мақұл көрмеген.

Жадыра секілді табыс көзін растай алмағандықтан атаулы әлеуметік көмек қаржыны ала алмай жүргендер жетерлік. Жаңа заң жұмыс берушімен екі ортада міндетті түрде еңбек келісімі болуы керек. Биылғы жылдағы тағы бір өзгеріс, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар енді тоқсан сайын құжат тапсыру керек. Ол үшін тек қайталап өтініш берсе болғаны. Кентау және Түркістан қаласындағы жұмыспен қамту орталығына барып, жұрттың өтініш тілегін тыңдаған министр заңдағы негізгі өзгерістер жайын түсіндіріп берді. Олардың негізгілерінің бірі көмекке мұқтаж отбасы балаларына жаңа жылдан әлеуметтік топтама қоса берілгелі отыр.

Көпбалалы және табысы аз отбасылардың кәсіпкерлікке ынталандыру мақсатында шағын несие беру шарттары жеңілдетілді. Несиенің жылдық қайтарымы енді 4 пайыздан аспайды. 7 жылға беріледі. Ал кәсіп бастаймын дегендер үшін берілетін қайтарымсыз қаржы көлемі 530-ға өсіп отыр.

Ғани ҚАЛМАХАН


Хабарламаларға жазылу