12 жасар шебер теледидар, компьютер, ұялы телефон жөндей алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

12 жасар шебер теледидар, компьютер, ұялы телефон жөндей алады

13.01.2020

Қарағанды облысының Нұра ауданына қарасты Қараой ауылында 12 жасар шебер тұрады. Нұрасыл Несіпбай теледидар, компьютер тіпті ұялы телефонды да жөндей алады. Ол тапқан қаржысын мүгедек әкесінің еміне жинап жүр. Қаршадай баланың осынау ерекше қабілеті әкеден дарыған.

Нұрасыл техникаға кішкене күнінен әуес. Сал ауруына шалдыққан әкесіне қолғабыс етіп жүріп, электрониканың тілін әбден меңгеріп алған. Жерлестері бұзылып қалған теледидары мен тоңазытқышын, тіпті ұялы телефонын әкеліп жөндетеді. Әкесі ауыр сырқатына қарамастан, үйден шеберхана ашып, отбасын асырап келген. Тек өткен жылы көлік апатына түсіп, қолы мүлдем икемге келмей қалған. Содан бері ауыртпалық үш баланың үлкені Нұрасылға түсті.

Нұрасыл Несіпбай:

Жас күнімде әкеммен бірге телевизор істеуге көмектестім. Әкем маған барлығын үйретті. Әкем теледидар жасау үшін физика пәнін жақсы білу керектігін айтты. Әкем жол апатына түскеннен кейін еміне ақша жинап көмектесейін дедім.

Нұрасыл сабағын да қатар алып жүреді. Ал мүгедек әке баласының еңбекқорлығына тәнті. Тағдыр тауқыметін тартса да, қиындыққа мойымайтын Дос Төлегенов, өзінің қайсар мінезінің ұшқынын ұлынан көргеніне қуанышты.

Кішкентай шебердің жұмысына бүгінде ауылдастары ғана емес, көрші елді мекен тұрғындары да разы. Тапсырыс көп. Талабы таудай Нұрасыл осы күні талайға үлгі болар есті бала. Ол табысын әкесінің еміне жұмсап жүр. Құлан таза айығып кеткенін көргісі келеді. Ал әке арманы баласының шеберханасын кеңейтіп беру.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу