Ақмолалық ұстаздар «Педагог мәртебесі туралы» Заңды құптап отыр. Олар өз ой-пікірлерін Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұловпен болған кездесуде жеткізді. Жоғары палата өкілі Щучье қаласындағы орта мектеп және колледждердің ұжымдарымен жүздесті. Жаңа заң бойынша, бұдан былай мұғалім құқығын таптап, абыройына нұқсан келтіргендер жауапкершілікке тартылады. Ұстаздар қаржылық қолдауға да қуанып отыр. Олардың жалақысы алдағы 4 жылда екі есе артпақ. Биыл 1 қаңтардан бастап еңбекақылары 25 процентке өсті. Сондай-ақ, түрлі халықаралық олимпиада жеңімпаздарын дайындаған оқытушыларға бөлек ақша төленбек. Сынып жетекшілігі, тәлімгерлік, педагогикалық шеберлік, магистрлік дәрежесі үшін де қосымша ақы қарастырылған. Бұл заңды жүзеге асыру үшін 2024 жылға дейін 5 триллион 3 миллиард теңге бөлінбек.
Ермек Елберген