Жаңа жылда (Абай жылы десек те жарасымды) тұтас халыққа тағылымды ой саларлық мақала жарық көрді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХI ғасырдағы Қазақстан» деген мақаласы қазір кеңінен талқыланып жатыр.
Саралаушылардың айтуынша, бұл мақала Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген мақаласын толықтырады, мағынасын тереңірек аша түседі. Бір сөзбен айтқанда, логикалық жалғасы. Енді бірнеше цитата:
«Ақын ел-жұртын түрлі өнерді игеруге үгіттеді. Соның бәрі уақыттың талабы екенін ол анық аңғарып, ұлтына ертерек үн қатты. Тіпті қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді.
Сондықтан Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет.
Әлеуметтік жауапкершілік қайт¬кенде орнына келеді? Әрине, бұл – оңай шаруа емес. Осы күрделі мәселенің шешімін Абайдың «Толық адам» формуласынан іздеген жөн. «Толық адам» деген сөз ағылшын тіліндегі «A man of integrity» түсінігіне сай келеді. Бұл – тек өте ілкімді, өзіне сенімді, ізгілік пен жақсылыққа ұмтылатын адамдарға ғана тән сипаттама. Қазір тарап жатқан осы ұғымды Абай сонау он тоғызыншы ғасырдың өзінде-ақ түсіндіріп айтты.
Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз».