Шығыс Қазақстанда 90-ға жуық адам туристік фирмадан ақшаларын ала алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда 90-ға жуық адам туристік фирмадан ақшаларын ала алмай жүр

10.01.2020

Шығыс Қазақстанда 90-ға жуық адам туристік фирмадан ақшаларын қайтара алмай жүр. Олардың арасында шетелге саяхаттау үшін тіпті несие рәсімдегендер де бар. Ал арзан бағаға туристік жолдама ұсынған кәсіпкер алаяқтық үшін былтыр 4 жылға сотталып кеткен. Бірақ қорғаушылар оның кінәсі жоқ екенін алға тартып, апелляциялық шағым түсірген. Бүгін Өскеменде дауға айналған демалыс мәселесіне қатысты кезекті сот отырысы өтті.

Зәуреш Кәріпбаева 2018 жылы қаладағы туристік компанияның бірінен жолдама сатып алған. Бірақ, сол жаз демалу бұйырмады. Керісінше, басы дауға қалып, сот табалдырығын тоздырып жүр.

Алданып қалған 90-ға жуық өскемендік полицияға арыз жазып, қылмыстық іс қозғалды. Сот турфирма басшысын алаяқ деп танып, оған 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын да тағайындады. Алайда қорғаушы қайтадан апелляциялық шағым түсірді. Бүгін осыған байланысты кезекті сот отырыс өтіп, барлық тарап қайта кездесті. Прокурордың сөзіне қарағанда, турфирманың басшысы ақшаның бір бөлігін букмерлік кеңседе бәске тіккен.

Сот үкімімен алаяқ деп танылған әйел барлығы 53 миллион теңге қайтаруы тиіс. Бұған дейін қарыздың біразынан құтылған көрінеді. Қалғанын қайтару үшін адвокат бұрынғы турфирма басшысын босатып, оған жұмыс істеуге мүмкіндік беруді сұрап отыр. Бірақ, қалалық сот шешімі өзгеріссіз қалды.

Демалыс та жоқ, ақша да жоқ, сан соғып қалған адамдардың сот шешімімен келіспесіне амал жоқ. Бірақ қаржыны қалайша өндіріп аларын білмейді. Ал кәсіпкердің қоршаушысы енді Жоғарғы сотқа шағымданбақ.

Берік КӨШЕРБАЙ


Хабарламаларға жазылу