Президент мақаласындағы сандар сөйлейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент мақаласындағы сандар сөйлейді

10.01.2020

Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан. Президенттің жан-жақты талқыланып жатқан кең көлемдегі мақаласы бес бөлімнен тұрады. Ұлт игіліктері сөз болған ұлттық болмыстың үлгісі. Әділетті қоғам құрып, мемлекеттілікті нығайтудағы мемлекет ісінің мүдделесі. Әлеуметтік жауапкершілік пен «толық адам» формуласы айтылған жаңа қоғамның жанашыры. Абай – ұлтымыздың рухани капиталы идеясын насихаттаған әлемдік мәдениеттің тұлғасы және ақынның 175 жылдығы аясындағы іс-шаралар туралы торқалы тойдың тағылымы. Әр бөлімнің айтары басқа, мәні бөлек. Мақала жалпы саны 3134 сөзден тұрады. Соның кейбіріне тоқталсақ. Мысалы, «қазақ» деген сөз мақалада 22 рет қолданылған. Ал «ұлт» сөзі 30 рет кездеседі. «Ел» деген 34 мәрте, ал «мемлекет» сөзі 24 рет қайталанады. Сондай-ақ «рух» пен «ғылым» 13, «білім» 14 және «еңбек» деген сөз 16 рет кездеседі. Президент өз мақаласында Абай туралы айтып қана қоймай, ақынның өлеңдері мен қара сөздерінен үзінділер келтіреді. Алғашқысы білім-ғылымға қатысты «Ғылым таппай мақтанба» және 38-қара сөзінен «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз» деген үзінді қосқан. Сәйкесінше, «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы – осы бағыттағы игі бастамалардың бірі екенін жазған. Мемлекет басшысы ақынның сыни көзқарасына да тоқталған. «Терең ой, терең ғылым іздемейді, өтірік пен өсекті жүндей сабап» деп. Бұл «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңінен үзінді. Осылайша, «интеллектуалды ұлт қалыптастыру Абайдан бастау алды» делінген. Қасым-Жомарт Кемелұлы ақынның әділетті қоғам құру идеяларын мысалға келтіріп, «Бөтен елде бар болса» өлеңінен үзінді келтіреді. Президенттің «халық үніне құлақ асатын мемелекет» атты тұжырымдамасы осы идеяны дамыту мақсатымен құрылғанын жазады. Сондай-ақ, қазіргі кездегі популизмді сынай келе, өзгеріс деп байбалам салатындарға қатысты «Қу тілменен құтыртып, кетер бір күн отыртып» деген жолдарды айтады. Президент Абайдың «толық адам» формуласын айта келе, «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деген «Әуелде бір суық мұз, ақыл зерек» өлеңінен үзінді алған. «Сегіз аяқтан» масылдықпен күресуді келтірді.   

Саламат ОМАШ


Хабарламаларға жазылу