Тұрғындар мұнай қалдықтарын өңдейтін кәсіпорынның жабылуын талап етеді. Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданына қарасты Мұқажан Жұмажанов атындағы ауыл халқы жаңадан ашылған өндіріс орны, іске кіріспей жатып жер-суымызды ластады деп шағымдануда. Себебі өңдеуші кәсіпорын мұнай қалдығын елді мекеннің дәл іргесіне төккен.
Зиянды қалдықтардан келешегімізге кесел келеді деп алаңдаған тұрғындар жанайқайымыз діттеген жерге жетсе дейді. Ауылдан 500 метрдей жердегі мына қоршаудың ішіне «АспектСтрой» фирмасы мұнай қалдықтарын төгіп тастаған.
«АспектСтрой» фирмасы мұнай өндіруші алпауыт компанияның қалдықтарын қайта өңдеп ауылшаруашылық тыңайтқыштарын шығармақ ниетте. Бірақ, шығарған өнімі жоқ. Ал жергілікті билік нысанның ауыл маңына жақын орналасуы заңға қайшы емес екенін айтады.
Тұрғындардың шағымынан кейін жергілікті атқамінерлер осындай шешім қабылдаған. Соңғы екі-үш күннен бері мұнда ешқандай қалдық төгілмеген.
Қазір жергілікті билік тарапынан құзыретті органдарға тиісті хаттар жөнелтілген. Жақын арада мұнда экологтармен бірлескен комиссия тексеріс жүргізеді. Соның қорытындысы бойынша қалдықтардың қаншалықты зияндығы анықталады. Десе де тұрғындар кәсіпорынды ауыл іргесінен түбегейлі көшіргенін талап етіп отыр.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ