Абай туралы деректі фильмдер мен сериалдар түсіріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай туралы деректі фильмдер мен сериалдар түсіріледі

09.01.2020

Мемлекет басшысы «Абай және 21-ші ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Ұлы ақынның тойынан өнер саласы да тыс қалмайтындығын айтты. Мәселен, биыл Абайдың өмірі, мұрасы, қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы фильмдер мен қойылымдар жарық көреді. Осыған байланысты Алматыда кино және театр саласының мамандары да Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арнап жаңа өнімдер ұсынбақшы.  

Биыл ел театрларында «Абайды білмек ойлы адамға» атты спектакль қойылады. Туындының авторы, Абай рөлін театр сахнасында сомдап жүрген елге белгілі актер — Болат Әбділманов. Ол Ұлы ақын туралы 30 жыл ойында жүрген дүниелерді қағаз бетіне түсірген. Онда ақынның өмірінің үш кезеңі бейнеленеді. Жас Абай, ән Абай және философ Абай.

Ақын тойына орай «Қазақфильм» киностудиясы ұлттық киноны қолдау орталығына бір толықметражды және бір деректі фильм түсіруге ұсыныс білдірген. Сонымен қатар, Абай туралы бүгінге дейін түсірілген туындылар елдегі барлық телеарнаға тегін таратылады.

Белгілі мәдениеттанушы, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезовтың сөзінше, барлық мәдениет ошақтары ақынның тойына үлес қосып, әрқайсысы өз сыйын дайындаса, Абай кеңінен насихатталады.

Бұл игі бастамалар Абайдың мол мұрасын дәріптеуге сеп болады. Сонымен қатар қоғамдық сананы жаңғыртып, бір ел, тұтас ұлт болып дамуымызға серпін береді. Сондықтан «Бұл тойға баршамыз жұмыла атсалуымыз керек», - дейді ғалымдар.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу