Президент мақаласындағы бастамаларға абайтанушы ғалымдар пікір білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент мақаласындағы бастамаларға абайтанушы ғалымдар пікір білдірді

09.01.2020

Екі ғасыр бұрын Ұлы Абай шығармаларына арқау еткен құндылықтар әлі маңызын жойған жоқ. Керісінше, оның мәні артып, өміршеңдігі дәлелденді. «Адамзаттың Абайы» атанған ақынның әдеби мұрасы сондықтан ұлтымыздың рухани жаңғыру жолындағы темірқазығы әрі шамшырағы секілді. Мемлекет басшысының «Абай және 21 ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын оқып, ой түйгендер осылай дейді.

«Ғылым таппай мақтанба, Орын таппай баптанба, Құмарланып шаттанба. Ойнап босқа күлуге. Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол, Адам болам десеңіз.» Абайдың бұл өлең жолдарын әрбір қазақ жатқа біледі. Қанша жыл өтсе де мәнді. Мағыналы. Адамзат баласы білім мен ғылымның алға сүйрейтін күш екенін ұғынды. Сапалы біліммен ғана биікті бағындыруға болатынына көз жеткізді.

Елімізде білім сапасын арттыру үшін ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Жүйеге тың жаңалықтар енгізіліп, заманға сай жетілдіруге мән берілуде. Ал жас ұрпақтың бойына саналы тәрбие мен сапалы білім нәрін сіңіретін мұғалімдер алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасалуы керек. Бұл орайда биыл алғаш рет «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды.

Білімді жасқа мүмкіндік мол. Әсіресе, қазір көп тіл білу үлкен жетістіктерге жетелейді. Жастар ағылшын тілін меңгергені дұрыс. Көп тіл үйренсін. Полиглот болсын. Бірақ өз ана тілін ешқашан ұмытпауы керек. Дәріптеуі керек, дамытуы керек.

Мұның бәрі Абай шығармаларында бар. Абайдың жиырма бесінші қара сөзінде «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды»,- дейді. Ұлы ақынды терең танып білу керек. Абайды тану – өзіңді-өзің тану.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу