Қ.Тоқаевтың Ұлы ақын Абай Құнанбаевқа арнаған мақаласы жарыққа шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қ.Тоқаевтың Ұлы ақын Абай Құнанбаевқа арнаған мақаласы жарыққа шықты

09.01.2020

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлы ақын Абай Құнанбаевқа арнаған мақаласы жарыққа шықты.

Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласы 5 бөлімнен тұрады. Кіріспе сөзден кейінгі алғашқысы «Ұлттық болмыстың үлгісі» деп аталады. Онда Президент білім мен ғылымға баса мән берсе, «Мемлекет ісінің мүдделесі» деп аталған екінші бөлімде саяси, қоғамдық мәселелер қозғалған. Ал үшінші бөлімнің атауы — «Жаңа қоғамның жанашыры». Онда Мемлекет басшысы әлеуметтік жауапкершілік пен еңбектің маңыздылығына тоқталған. «Әлемдік мәдениеттің тұлғасы» деген бөлім қазақ халқының рухани қазынасына ақынның қосқан үлесі жайлы. Бесінші, яғни соңғы бөлім «Торқалы тойдың тағылымы» деп аталған. Ұлтының өркендеуі үшін мол мұра қалдырған ұлы Абайдың 175 жылдығын жоғары деңгейде аталуы үшін Президент үкіметке бірқатар тапсырма берді. Биыл осы мерейлі датаға орай 500 шара ұйымдастырылады. Олардың ішіндегі ең ауқымдысы әрі маңыздысы – еліміздің ЮНЕСКО-мен бірлесіп өткізетін «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы.

Альбина ӘШІМ


Хабарламаларға жазылу