Тісін емдеткен баланы ес-түссіз халге түсірген емхана жабылатын болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тісін емдеткен баланы ес-түссіз халге түсірген емхана жабылатын болды

09.01.2020
Тісін емдеткен баланы ес-түссіз халге түсірген емхана жабылатын болды

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Лаура Ахметниязова айтты.

«Тексеру барысында бірнеше заңбұзушылықты анықтадық. Сәбиге Севофлуран препаратымен жасалған жалпы анестезияға қоса, 4 жасқа дейінгі балаларға егуге болмайтын, Мепивастезин жергілікті анестезия препараты қолданылған. Оны емдеместен бұрын аллергияға қарсы сынама да алынбаған. Сонымен қатар, емханада дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сақтау талаптарының бұзылғандығы анықталды. Атап айтқанда, дәрі-дәрмектерді сақтауға арналған қойма температураны, ауа ылғалдылығын бақылауға арналған жабдықтармен қамтамасыз етілмеген. Дәрі-дәрмектің кері әсеріне мониторинг жасау жөніндегі жауапты тұлға бекітілмеген. Аталған клиникада қолданылатын медициналық жабдықтарды тексеру туралы сертификат жоқ. Осыған орай сот органдарына аталған клиниканың жұмысын тоқтату туралы материал дайындаймыз», - деді ол.

Еске салайық, елорда тұрғыны Анастасия Зелёная 2 жастағы баласы стоматологиялық клиникаға қаралғаннан кейін ес-түссіз күйге түскенін хабарлаған болатын. Бала 11 тәуліктен бері есін жия алмай жатыр. 

Оқиғаға байланысты Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов түсінік берді. «Жағдайды бақылауымда ұстап отырмын. Өкінішке қарай, баланың жағдайы өте ауыр. Бірақ, дәрігерлер тарапынан медициналық көмек барынша көрсетілуде. Оған толыққанды деңгейде жәрдем беріледі», - деді министр.



Хабарламаларға жазылу