ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Абай тұлғасын жоғары дәрежеде дәріптеу үшін Үкіметке бірқатар шараларды атқаруды, әсіресе Семей қаласын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан кешенді дамытуды тапсырды.
Президент мақаласында Абайдың тұлғасы мен мұрасын ұлықтау шетелдерде де жалғасатыны, Ресейдегі, Франциядағы, Ұлыбританиядағы және басқа да мемлекеттердегі Қазақстанның елшіліктері жанынан «Абай орталықтарын» құру жоспарланғаны айтылады.
«Шығыс Қазақстан облысының Ақшоқы елді мекеніндегі Құнанбай Өскенбайұлы әулетінің қорымы абаттандырылады. Сонымен қатар, Абай тұлғасын жоғары дәрежеде дәріптеу үшін Үкімет мынадай шараларды қолға алуы керек деп есептеймін. Семей өңірі – қазақ тарихындағы киелі өлкенің бірі. Сондықтан, елдің рухани дамуында ерекше орны бар Семей қаласын тарихи орталық ретінде белгілеген жөн. Ұлы Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған өңір айрықша құрметке лайық. Осыған орай шаһарды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан кешенді түрде дамытып, ондағы тарихи-мәдени нысандарды жаңа талапқа сай жаңғыртамыз. Үкіметке бұл мәселеге байланысты тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын», - деп жазды Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев мерейтой жылы аясында Абайдың қастерлі мекені – әйгілі Жидебайды абаттандырып, ұлы ақынның рухына тағзым етуге келетін жұртшылыққа қолайлы жағдай жасау қажеттігін де айтты.
«Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне ерекше көңіл бөліп, ғылыми-танымдық жұмыстармен айналысатын орталыққа айналдыру керек. Жидебайда музейге арнайы лайықталған «Абай мұрасы» атты жаңа ғимарат салу қажет. 1918 жылы Семей қаласында Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов негізін қалаған, 1992 жылдан бері қайта шыға бастаған «Абай» журналына мемлекет тарапынан қолдау көрсету керек. Осы және басқа да ауқымды шаралар Ұлы Абайдың рухына тағзым етіп, оның мол мұрасын дәріптеу үшін өткізілмек. Ендеше бүкіл Қазақстан халқын осы игі бастамаға белсене атсалысуға шақырамын», - делінген мақалада.