Шығыс Қазақстанда 300-ге жуық шаруа шығынға батты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда 300-ге жуық шаруа шығынға батты

08.01.2020

Су бар, субсидия жоқ. Шығыс Қазақстандық 300-ге жуық шаруа шығынға батып қалды. Сумен қамту бағдарламасы бойынша қыстақтарына құдық қазған олар инфрақұрылым тартуға жұмсаған қаражаттарының тиісті мөлшерін қайтаруды талап етуде. Өңірдегі Ауыл шаруашылығы басқармасының бұған өз уәжі бар.   

Күннен энергия алатын панельдерді Шығыстағы шаруалар жаппай 2018 жылдан бастап қолдана бастады. Үкіметте арнайы қабылданған бағдарлама бойынша, мұндағы негізгі мақсат – қыстақта қазылған құдықтардан су шығару. Бүгінде осы жобаның арқасында шалғайда орналасқан мұндай шағын фермалар тіршілік нәрімен қамтамасыз етілді.

Облыс бойынша 2018 жылы күн панельдерін орнатқаны үшін 600 адам субсидияға өтінім берген. Олардың тең жартысына тиісті қаражат төленген. Ал басқалары қолдау қаржыны әлі күтіп жүр.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, субсидияның тоқтатылуына тағы бір себеп — күн панельдерінің қуаттылығы талапқа сай еместігі. Тіпті бұған дейін «200 қожалыққа берілген жалпы сомасы 300 миллион теңгеге жуық қаржы да заңсыз төленді» деп Есеп комитетінен хат келген. Ауыл шаруашылығы басқармасындағылардың айтуынша, қазір бұл қожалықтар қосымша күн панельдерін орнатып жатыр. Демек, бұдан былай электронды түрде түскен барлық өтінімдер рет-ретімен қаралып, бекітілген шартқа сай болса субсидия кедергісіз төленбек.

Берік КӨШЕРБАЙ


Хабарламаларға жазылу