Алматы облысында көпқабатты тұрғын үйде газ жарылды. Салдарынан 2 адам көз жұмды. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Қаскелең қаласындағы Төле би көшесінің тұрғындары газдың иісін таң сәріден сезген. Көбісі үйлеріндегі газды өшіріп тастаған. Алайда, түс ауа қатты дүмпуді естіген. Осыдан кейін жан ұшыра айғайлаған дауыстарды естіп, көпшілік көмек қолын созуға жүгіре жөнелген.
Жарылған тұрғын үйдің қазіргі жағдайы адам шошырлық. Қабырғалар мен балкондар қираған. Тіпті, көрші үйлердің терезелері шағылған. Әкімдіктегілер зардап шеккендерге қол ұшын беріп, барлығын бақылауымызда ұстаймыз деп отыр.
Жарылыс болған үйден 8 адам зардап шегіп, олардың біреуі оқиға орнында, ал бірі ауруханада көз жұмған. Қазіргі уақытта 3 жеткіншек пен 3 ересек науқас ауруханада ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайы орташа екенін айтады.
Белгілі болғандай, жарылыстан 4 пәтер зардап шеккен. Онда тұруға бола ма, болмай ма сараптама қорытындысынан кейін белгілі болмақ. Ал әзірге баспанасыз қалған тұрғындар қонақ үйді паналауға мәжбүр.
Бауыржан ЖАҚСЫМБЕТ