Жаңа ауыл елді мекенінде тәжік балаларына мемлекеттік тілде тәлім беретін балабақша ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңа ауыл елді мекенінде тәжік балаларына мемлекеттік тілде тәлім беретін балабақша ашылды

06.01.2020

Түркістан облысында тұрып жатқан өзге этнос өкілдері балаларын қазақша оқытуға бет бұрды. Жетісай ауданының Жаңа ауыл елді мекенінде тәжік балаларына мемлекеттік тілде тәлім беретін балабақша ашылды. Тәрбие ошағы 175 бүлдіршінге лайықталған. Енді балалар осында қазақ тілін меңгеріп, мектеп алды дайындықтан өтеді. Сондай-ақ тәлім беру бағдарламасы да ұлттық педагогикаға негізделіп отыр.

Жаңа ауылда 450-ге тарта түтін бар. Дені 1952 жылы Өзбекстанның Фарш ауданынан қоныс аударған тәжік отбасылары. Ауылдан қазақ тілді балабақшаның ашылуына мүдделі болған ата-аналардың өздері.

Жалпы аудандағы балабақшаның 85 пайызы жекенің иелігінде. Сәулетіне көркі сай ғимараттарда бала тәрбиесіне қажетті барлық жағдай жасалған. Жатын бөлмесі, асхана, дәрігерлік пункт, ойын алаңдары да талапқа сай.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік өңірдегі халық саны көп Жетісай ауданында балабақша мәселесін оңтайлы шешуге негіз болды. Бүгінде аймақта 200-ден астам тәрибе ошағы жұмыс істейді. Жыл соңына дейін тағы үшеуі іске қосылмақ.

Ғани ҚАЛМАХАН


Хабарламаларға жазылу