Иран 2015 жылы әлем державаларымен жасалған ядролық келісімнен шықты. Бұл шешімді ресми Тегеран әйгілі генерал Кассем Сүлейманидің өлтірілуімен тікелей байланыстырып отыр. Мұны осы елдің мемлекеттік телеарнасы жексенбі күні хабарлады. Дегенмен Ислам Республикасы Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен ынтымақтастықты әрі қарай жалғастырмақ. Ол өзіне жарияланған экономикалық санкциялар алынып тасталғанда ғана аталған пәтуаға қайта оралады.
Иранның Таяу Шығыстағы әскери стратегі және сыртқы саясат архитекторы Сүлейманимен қоштасу шеруі елдің бірнеше қаласында өтіп, оған ондаған мың адам қатысып жатыр. Бұл ертеңге дейін жалғасады.
Сүлеймани ирандықтар үшін ұлт батыры саналса, АҚШ президенті оны «әлемдегі нөмірі бірінші террорист» деп есептейді.
Генерал америкалық дронның соққысынан жұма күні Бағдад әуежайының маңында мерт болды. Осы қазадан кейін Тегеран Құрама Штаттардан аяусыз кек алатынын жарияласа, Дональд Трамп Иранның аймақтағы 52 нысанына соққы бере алатынын ескертіп отыр.
Арыстан РЫСБЕК