Ақордада Премьер-Министрдің, Президент Әкімшілігі басшылығының, Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының, Бас прокурордың, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының, Ішкі істер, Ақпарат және қоғамдық даму, Денсаулық сақтау министрлерінің қатысуымен Алматы әуежайы маңындағы жолаушылар ұшағының апатына байланысты шұғыл кеңес өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан қаза болған азаматтардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.
Мемлекет басшысы Үкіметке Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдіктерімен бірлесіп, қаза болған азаматтардың отбасыларына 4 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетуді тапсырды. Қайтыс болғандардың жақындарына жан-жақты психологиялық және медициналық қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар зардап шеккендердің барлығына қажетті көмек беріледі.
28 желтоқсанды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаған Президент еліміздегі мемлекеттік туларды төмен түсіруге және барлық ойын-сауық шараларын тоқтатуға тапсырма берді. Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне қозғалған қылмыстық іс аясында ұшақ апатына соқтырған себептерді анықтау, кінәлілерді заңға сәйкес жауапкершілікке тарту, сондай-ақ, Алматы әуежайының аумағына жақын орналасқан жеке құрылыстардың заңдылығын зерттеу жөнінде шара қабылдауды тапсырды.
Жиынға қатысушылар қайтыс болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Саламат Омаш