Тәуелсіз елдің талантты ұландары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәуелсіз елдің талантты ұландары

24.12.2019

Тәуелсіз елдің ұландары. Бірі — өнерімен әлемді таңқалдырған қылқалам шебері, ал, екіншісі жаһанға қазақ атын шығарып жүрген бірегей спортшы. Атыраулық Камила Жапалова мен Ержан Сәлімгерей, толағай жетістіктерді бағындыруын егемендікпен тікелей байланыстырады. Олар төрткүл дүниеге даңғыл жол салып берген азаттыққа бас иеді.

Камила Жапалованың сурет әлеміне қалам тербегеніне 20 жыл. Өнері тәуелсіздікпен бірге жаңғырып, ерекше сипатта дамып келеді. Әлемнің оннан астам елінде жеке көрмесі өткен. Ол Азия елдері бойынша батик жанрын ұлттық нақышта насихаттап жүрген тұңғыш суретші.

Суретшінің 1000-нан астам картинасы бар. Туындылары жиырмаға жуық мемлекеттің музейлері мен галереясында тұр. Солардың бірі — байқауда бас жүлде алған «Тәуелсіздік таңы» композициясы.

Ержанның жүзу спортымен шұғылданғанына 5 жылдан асты. Осы аралықта ол 12 рет Қазақстан чемпионы атынып, 8 дүркін Әлем кубогын иеленді. Сондай-ақ пара Азия ойындарында 2 алтын медальды қанжығаға салды.

Тәуелсіздікпен бірге жасасқан ұландар ел абыройын асқақтатуда аянбақ емес. Қылқалам шебері Камила Жапалова, жуырда, ұлттық нақышпен астасқан бекзат өнердің қыр-сырын, кипрлық суретшілерге үйретпек. Ал паражүзуші Ержан, Партугалия, Беларуссия және Германияда өтетін байрақты бәсекелерге қызу дайындық үстінде.

Жандос ТЕМІРҒАЛИ


Хабарламаларға жазылу