Салық органдары жүздеген кәсіпкердің шотын негізсіз бұғаттап тастаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Салық органдары жүздеген кәсіпкердің шотын негізсіз бұғаттап тастаған

24.12.2019

Елордалық кәсіпкерлер салық органдары шотымызды негізсіз бұғаттауда деп шағымданды. Қазір қаладағы 700-ге жуық бизнес өкілінің шоты жабылған. Күн сайын миллиондап шығынға батып жатырмыз деген кәсіпкерлердің мәселесін тілшіміз тыңдап келді.

Лаура Әміржанованың шоты 6 желтоқсанда бұғатталған. Соның салдарынан осы уақытқа дейін 5 миллион теңгеден астам шығынға ұшырапты. Ал шотының неге жабылғанын салық мекемесі нақты түсіндіріп бермеген.

Кәсіпкерлердің сөзінше, салық органдары олардан қосымша декларация талап еткен. Тиісті құжаттарды өткізгенде тағы да шот-фактура сұрап, істі сөзбұйдаға салған. Бірақ кірістер департаментінің өкілі мұны жоққа шығарып, шотты бұғаттау мен ашу автоматты жүйе арқылы ғана іске асатынын айтты.

Мәселенің туындауына тағы бір себеп - биыл 3 қазанда шыққан Қаржы министрлігінің бұйрығына байланысты болуы мүмкін екенін мамандар айтып отыр. Өйткені, ол бойынша салық органдары сот шешімінсіз кәсіпкерлік субьектісінің қызметін тоқтату құқығын алған. Ал бұл қолданыстағы салық заңнамасының нормаларына қайшы.

Мәселенің шешімін таппаған кәсіпкерлер енді аталған ережені алып тастау туралы өкілетті органға өтініш бермек. Өйткені шоттарды бұғаттау осылай жалғаса берсе келесі жылы бюджетке түсетін салық көлемі азаюы мүмкін. Себебі қазірдің өзінде бірнеше бизнес банкрот болудың алдында тұр.

Амангелді СЕЙІТХАН


Хабарламаларға жазылу