Қазақстан Президенті 9 айда 112 796 шақырым жол жүрді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан Президенті 9 айда 112 796 шақырым жол жүрді

24.12.2019
Қазақстан Президенті 9 айда 112 796 шақырым жол жүрді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 9 айда 112 796 шақырым жол жүрді. Бүгін Ақордада өткен брифингте ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Президентке қатысты қызықты деректерді келтірді.

Оның атап өтуінше, ҚР Президенті биылғы 20 наурыздан бері 45 Заңға, 226 Жарлыққа, 68 Өкімге қол қойды. Президенттің қатысуымен өткен жиындар бойынша 49 хаттама толтырылған. 

«Қазақстан Президенті биылғы 9 айда 112 796 шақырым жол жүрді. Оған 181 сағат 36 минут уақыт кеткен. Қасым-Жомарт Кемелұлы 2 қыркүйекте Қазақстан Президенті ретінде алғаш рет Қазақстан халқына арналған Жолдауын жариялады. Мемлекет басшысы заман талабына сай мемлекет болу үшін азаматтарымыз бен мемлекетіміздің мүддесіне сәйкес жаңғыру үдерісі біртіндеп жүзеге асатынын атап өтті. Саяси реформаларды «асығыстыққа салынбай», кезең-кезеңімен, жан-жақты ойластырып орындау қажеттігін айтты. Жолдауда еліміздің саяси жүйесінде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы мемлекет тұрақтылығының негізі саналатынына баса мән берілді. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы азаматтардың өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру бәрімізге ортақ міндет екенін белгілеп берді», - деді Берік Уәли.


Хабарламаларға жазылу