Қарағандылық шебер көлемді шахмат тастарын жасап шығарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандылық шебер көлемді шахмат тастарын жасап шығарды

23.12.2019

Қарағандылық шебер көлемді шахмат тастарын жасады. Алғаш болып бір мезетте отыз бала ойнап та көрді. Ағаш шебері Кенжебек Мұратбековтың қолынан шыққан басқа да бұйымдары баршылық. Бұл аса ірі көлемдегі тұңғыш туындысы.

Жауынгер, қорған, ат, піл. Шахмат тастарының атаулары түгел қазақша. Без ағаштан, асқан шеберлікпен ойылған 32 фигура едендегі он шаршы метр торкөзге тізілген. Биіктігі 60-70 сантиметр тастардың әрқайсысын Кенжебек бір күнде шотпен шауып, қашап шығыпты. Жұмысты толық аяқтауға айдан астам уақыт кеткен. Ал, қажетті терек ағашын шебер ауылдан жеткізіпті.

Шахматты осындай үлкен етіп жасауды №103 мектеп лицейінің ұстаздары кездейсоқ ұсыныстан кейін мақұлдай кеткен. Сөйтіп еңбек пәнінің мұғалімі Кенжебекке қолқа салыпты. Мақсат – топтық ойын арқылы балалардың қызығушылығын арттырып, шахматты қысқа мерзімде үйрету.

Мұғалімнің жұмыс бөлмесі де түрлі туындыларға толы. Ағаш мүсіндердің әрқайсын көз майын тауысып асқан шеберлікпен жасағаны соншалық, таңдай қақтырады Осынау саф өнер оған әкесінен дарыған.

Жұбайы Толқын Кенжебектің осы өнерінен-ақ оның жаны таза адам екенін түсінгенін айтады. Үш баласы да осы білім ошағында оқиды. Бұл үлгілі отбасына жұрт сырттай сүйсініп, ерекше құрметпен қарайды.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу