Еліміздің трансплантолог мамандары Еуротрансплант жобасына қызығушылық танытып отыр. Яғни халықаралық стандартқа сай еуропалық елдер бір-біріне донор бола алады. Соның нәтижесінде қажет органды тауып, ағзаға мұқтаж адамды дер кезінде құтқаруға мүмкіндік бар. Дегенмен денсаулық кодексінде қаралған бұл мәселе қазір қазақстандықтардың арасында арасында қызу талқыға түсті. Тіпті әлеуметтік желілерде түрлі алып-қашпа әңгімелер де таралып кеткен. Бұған Денсаулық сақтау министрлігі не дейді?
Елордалық Нұржан Өтепберген екі жыл бұрын бауыр церрозына шалдыққан. Дәрігерлер тек орган ауыстырса ғана аман қалатынын айтады. Үміті үзіледі, Уайымға салынады. Ал уақыт тапшы, орган табу қиын. Тек 8 айдан кейін Қостанайдан донор табылып ажалдан аман қалды.
Нұржан бұл саланы жетік түсінеді. Өйкені басынан өтті. Өкініштісі сол, елімізде донорлықтың дамуы тым төмен. Трансплантолог мамандар қайтыс болған адамның органдарын алуды 1 миллион адамның тек 6-ы қолдағанын айтады. Сондықтан Еуротрансплант жобасының мүмкіндігі мол деп санайды.
Бір мәйіттік донор 4-5 адамды құтқаруға мүмкіндік береді. Биыл елімізде 10 мәйіттің органы 50 адамды ажал аузынан аман алып қалды. Тағы 3218 қазақстандық органға мұқтаж. Олардың 2706-і бүйрек, 120-сы - жүрек, 295-і –бауыр, 6-уына өкпе қажет. Статистика көңіл көншітпейді. Дегенмен шетелдіктерге донор болу мәселесі министрлік тарапынан нақты шешімін тапқан жоқ.
Денсаулық кодексінде трансплантация тақырыбына қатысты осыған ұқсас мәселелер әлі де талқыланып жатыр. Сондықтан адам органдары шетелдіктерге сатылып жатыр деген жансақ пікірге сенбеңіздер,- дейді министрлік өкілдері. Оның үстіне Қазақстанда орган сатуға заңмен тыйым салынған. Мәйіттік донор әзірге тек шетелде өз қалауымен емделіп, ағза күтіп жатқан қазақстандық науқастарға ғана беріледі.
Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ