Отандық туризмнің бүгінгі ахуалы қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық туризмнің бүгінгі ахуалы қандай?

21.12.2019

Өзгелер Қазақстанға келу үшін, тапқан-таянғанын қуана беру үшін біз саяхатшыны тартатын саланы дамытуға тиіспіз. Шикізатқа байланып шалқып отыратын дәуір келмеске кетеді деген сарапшылардың болжамын білеміз бәріміз. Сондықтан Тәңірдің бергенін өзгелерге көрсетіп одан қыруар қаржы түсіретін туризм таптырмас тетік болып тұр. Қазақстанға келуге құмартатындар аз емес, тек соларды лайықты қарсы алу жағы ақсайды. Сервис деген сыны көп тірлікті үйрене алмай әлек біздегілер. Қалай етсе де бір қателік шығып қалады. Десе де, 2019 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстанға Өзбекстаннан 1 702 743 адам келген. Ресейден - 808 305 адам,  Қырғызстаннан - 663 502 адам. Бұлар турист ретінде келді деген мәлімет жазылды. Алғашында айтқандай, жауапты орындардың статистиканы арттыру үшін жасаған кезекті қулығы болмасын деп тілейік. Бұл азаматтары Қазақстанға ең көп саяхаттайтын үш ел. Бәрі көрші. Бірақ бұл біздің елге алыстан келетін адам жоқ дегенді білдірмейді. Жарты жылдықтағы көрсеткішті көрсетсек, олардың жалпы саны - 281 899 адам. Талдасақ былай, Түркиядан - 53 мың адам, Германиядан - 46 мың адам, Қытайдан - 26 мың адам, Оңтүстік Кореядан -17 мың адам, Америкадан - 15 мың адам. Бұл туристердің саны. Турист көбейген сайын жұмыс орындары ашылады, бюджетке түсетін табыс көбейеді. Сол үшін барымызды жарқыратып көрсетуге тиіспіз.

Жер жетеді, иә. Соны туристерге таныстырып, таңдай қақтыратын қызмет көрсету саласын жөндеуіміз керек. Бұл туралы бүгін ғана айтылып тұрған жоқ, өкініштісі әлі күнге түбегейлі түзеліп кеткен түк жоқ. Бірақ турист тартуға тырысатын жобалардың жүзеге асқаны бар, оны ескеру керек. Біздің мамандар 5 жылдан соң Алматы облысына жыл сайын 7 миллион турист әкелетінін айтқан.

Еркін СЪЕЗҰЛЫ

 

 

Хабарламаларға жазылу