Жаңа жыл жақындаған
сайын жер-жерде қылқан жапырақты ағаш сатушылар қарасы көбейетіні шындық. Ал
тұрғындардың жасанды шыршаны емес, көбінесе табиғи шыршаны таңдайтыны да рас. Сол
себепті жылда орман сақшылары шыршаны заңсыз кесуден қорғау шараларын күшейтеді.
Мына сауда орнында шыршаның түр-түрі бар. Қалағанын таңдап, ұнағанын
аласың. Саудагерлер «тірі шыршаны» Ресейден әкелдік деп сендіреді. Алайда инспекторлардың
сөзінше, кейде кәсіпкерлер ел аумағында өсетін ағаштарды кесіп әкеледі екен. Ал
құжаттарын қолдан жасатады.
Былтырдың өзінде бизнес жасаймыз деп қылқан жапырақтыларды
заңсыз кесіп алу бойынша 7 факт тіркелген. 302 тексеріс пункті жасақталған. Ал қауіпсіздік
желтоқсан бойы күшейтіледі. Сол себепті биыл заңсыз факт тіркелмепті.
Жаңа жылды желеу етіп, қылқан жапырақтыларға балта
сілтегендерге шара биыл қатаңдай түсті. Ағаштарға зақым келтіру не кесу бойынша
200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ал өсімдіктер ерекше қорғалатын
аймақта өсетін болса, айыппұл көлемі екі есеге артады немесе 5 жыл бас бостандығынан
айыру қарастырылған.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ