2019 жылы Қазақстан Ресей бензиніне тәуелділіктен арылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2019 жылы Қазақстан Ресей бензиніне тәуелділіктен арылады

02.03.2017
2019 жылы Қазақстан Ресей бензиніне тәуелділіктен арылады

Қазақстан 2019 жылы Ресей бензиніне тәуелділіктен арылады. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен брифингте ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты.

Министр осы жылдың екінші жартыжылдығында Павлодар мұнай-химия зауыты мен Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстары аяқталатынын жеткізді.

«Оларда тиісті құрал-жабдықтар іске қосылады. Биыл бензин өндіру көлемін біршама арттырамыз. Бірақ, Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғыртып, қайта іске қосу мерзімі 2018 жылдың бірінші жартжылдығына жоспарланып отыр. Жалпы, үш мұнай зауытын жаңғырту жұмыстары тек келесі жылдың екінші жартыжылдығында бітеді»,- деді ол.

Бозымбаевтың айтуынша, 2018 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап қана үш зауыт жаңа  режимге көшіріледі. Ал, 2019 жылы Қазақстан Ресейдің мұнай компаниялары өнімдеріне тәуелділіктен арылып, ішкі нарықты бензин, дизель отыны және авиа керосинмен қамтамасыз етеді. Сонымен бірге мұнай өнімдеріне дербес баға белгілейтін де болады.

«Дегенмен, шекарамыз ашық. Мәселен, бізде жанар-жағармай бағасы арзан болса, онда ертең бензиніміз, дизель отынымыз және авиа керосиніміз Ресей нарығына өтіп кетуі мүмкін. Сондықтан да, біз 2018 жылы да, 2019 жылы да нарықтағы ахуалды байқап, тиісті талдаулар жасап отырамыз. Әрине, жанар-жағармай бағасы бойынша тәуелсіз боламыз. Бірақ, көрші елдің нарығындағы ахуалға байланысты жұмыс жүргіземіз», - деді министр.

inform.kz

Хабарламаларға жазылу