Еліміздегі еңбекке жарамды әрбір үшінші адам банк алдында
берешек. Ал солардың әрбір екіншісі несиесін уақытында қайтара алмай жүр. Қаржы саласының
мамандары осындай статистика келтіріп отыр. Халық қарыздың құрығына түсу оңай, құтылу
қиын екенін ескермейді. Мұндай кеселдің соңы отбасының ойрандалуына, суицидке,
ішімдікке салыну, тіпті адам психикасының өзгеруіне дейін алып келеді.
Есепсіз кредиттің кеселінде шек жоқ. Осыған қарамастан, еліміздегі еңбекке
жарамдылардың тең жарымы несібесін несиеден іздейді.
Несие алушылар қатары артқанымен, адамдардың төлем қабілеті
төмендеп барады. Бүгінде 1 миллионға жуық қазақстандық қарызын қайтара алмай жүр.
Халықтың жалпы берешегі 6,4 триллион теңгеге жеткен. Үстеме пайызы 30-дан кем түспейді.
Өсімі жоғары, көлемі көп болса да халық несие алуын тоқтатар емес.
Ал психолог мамандар шектен тыс несие алатындарды ақшақұмарлардың
қатарына жатқызады. Маманның айтуынша, кредитомания ауруының нашақорлар мен
маскүнемдерден еш айырмашылығы жоқ.
Қаржы саласының мамандары несие алушылардың 85 пайызы ақшасын
мақсатсыз жұмсайды деген дерек келтіріп отыр. Яғни, бірі той тойлайды, енді
бірі киім, смартфон алады.
Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ